среда, 13 августа 2014 г.

ӨМІРБАЯНЫ

   
Бейімбет (есімі Бимұхамбет, Бейімбет – лақап аты) Жармағамбетұлы Майлин, 1894 жылы Қостанай уезінің Дамбар болысында (қазір Қостанай облысы Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы ауылы) туады. Мекені Айет өзенінің бойында Ақтөбе деген жер. Айет Тобылға құяды.
   Бейімбет жасқа толмай әкесі Жармағамбет өледі. Он екіге жеткенде шешесі Құлғизар өледі. Майлы тұқымдары кедей екен. Кісі есігінде жүріп, тіршілік жабдығың қамдау көбінің үйренген кәсібі болыпты. Отбасына тірек Жармағамбет қаза болған соң, әйелі Құлғизар емшектегі Бейімбетпен енесі Бойдастың қолына кіреді. Бейімбет әжесінің толғана күрсініп:
                  Өмірімде көргенім күндік, құлдық,
                  Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық? –
деп өлеңдетіп отыратынын айтады.
       Бала Бейімбет әжесіне еліктеп өлең шығара бастайды. Ол үйіне жиі қатысып жүретін Көмек ақынды да тамсана тыңдайды. Оған еліктеп өлең шығарады.
       Әкесінің інілері Аман, Бақберген, Байжандар – Мұқамжар байдың үйінде жалшылықта жүріп, қарт әже Бойдастың ақылын құптайды: Бейімбетті қойшылықтан босатып алып, оқуға береді.
        Бала Бейімбет төрт жыл ауылдық мектепте, екі жыл болыстық мектепте (Арғынбай мектебі), бір жыл Троицк қаласындағы «Уазифа» медресесінде оқиды. Ара-арасында өзі де мұғалім болады. Ол 1914-16 жылдары Уфадағы «Медресе Ғалияда» оқиды. Аурулы болып «Ғалияны» бітірмей, елге барып оқытушы болады.
      «Уазифа» - жадидтік (төте оқу) орта мектеп, «Медресе Ғалия» - жадидтік жоғары мектеп. Онда басқа ғылыми пәндермен қатар, орыс тілі, әдебиеті де жоспарлы сабақ ретінде жүреді. Білімге аңсаған Бейімбет ынталана оқып, мол білім алады.
      1916-1921 жылдары Бейімбет Майлин ауылда оқытушы, 1918-1921 жылдары болысаралық оқу бөлімін басқарады, біраз уақыт Қостанай губерниялық оқу бөлімінің инспекторы болады.
     Қаламгер 1922-23 жылдарда «Еңбекші қазақ» (кейін «Социалистік Қазақстан») газетінде қызмет істейді. 1923 жылы Қостанайға қайтып, «Ауыл» газетін ұйымдастырып, шығарды. Ресми түрде жауапты хатшысы болғанымен Майлин редакцияның ісін түгелдей дерлік өзі тындырып отырады.
    1925 жылы сәуірде ол «Еңбекші қазақ» газетіне жауапты хатшылыққа алынады. Содан 1937 жылға дейін жазушы «Еңбекші қазақта» қол үзбей қызмет етеді.
   Жазушы «Еңбекші қазаққа» қаламы құрғамай жаза жүре, басқа да іргелі қызметтер атқарады. Ол 1927-1929 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінің редакторының орынбасары, 1928-1931 жылдары Мемлекет баспасында редактор; 1932-34 жылдары «Еңбекші қазақта» тұрақты қызметкер; 1934-37 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы.
   Бейімбет Майлинді жақын білетіндер, жан-жолдастары оның мейлінше кішіпейіл, адал адам болғанын, әрдайым халықтың қамын ойлағанын, қиянатқа баспағанын, ұлылы-кішілі әрекеттерін халыққа жақсылық істеу, игілік ұялату ұғымымен сабақтастыра жасағанын айтады.

Шығармашылығы

  1920-30 жылдардағы бетке ұстар, мақтаныш етер небір жайсаң жандардан айырылғанымыз ұмытылмас, өшпес қасіретіміз болып қалды. Сондай зиялы, биік, парасатты және аяулы адамдардың бірі, ұлттық мәдениет пен өнеріміздің жалынды жаршысы, қоғам қайраткері – Бейімбет Майлин.
     Майлин шығармашылығы бүкіл қазақ әдебиетін барлық салада байытқан сан қырлы, салауатты, сарқылмас асыл қазына.
   
Өр ақын Ғафу Қайырбековтың:
                           
                             Өлшеуге болса батырларменен ерлікті,
                             Өлшеуге болса ұраныменен елдікті,
                             Сонау бір күнде өрісін созған өнердің
                             Өлшеуге болар Бейімбетпенен кеңдікті.
                             Даладай үнсіз, тауындай биік сол ағаң,
                             Дамылсыз жазып, кітаптан сарай қалаған, -
     деген жыр жолдары да Бейімбеттің зор еңбекқорлығын, сол еңбектің мол жемісін паш етеді.
     Адам баласы ылғи қараумен келеді. Өткен күніне тәуба қыла отырып, ол үнемі жақсылықты ілгеріден күтеді, болашағына сенеді. Әдебиеттің өміршеңдігі де адам табиғатының өмірге деген осы сенімін тани білуімен байланысты. Адамды, оның ісін, рухани биіктігін көркем бейнелей алған әдебиеттің болашағы әрқашанда зор. Ол бүгінгі оқырманына да, кейінгі ұрпақтарға да ой салып, оларды ілгері жетелейді, шындық, әділдік үшін күреске тәрбиелейді. ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстарынан нәр алған, соның әсерінен жазушылық еңбегін бастаған Бейімбеттің алдан күткен үміті де халық аңсаған бостандық идеясымен үндесті.
      1920-21 жылдардағы қазақтың басына түскен аштықты, одан кейін 20-жылдардың аяғынан басталған ұжымдастыру оқиғалары кезінде орын алған асыра сілтеу, сол кездегі шолақ белсенділердің халыққа тигізген зәбір-залалын Бейімбет өз шығармаларында айқын бейнелейді. Бұл тұрғыда жазушының «Күлпаш», «Айт күндері», «Қалакеңнің үйінде», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімелерінде нақты бейнелер жасалады.
    Поэзия мен прозадағы секілді Бейімбет Майлиннің драматургияда алатын орны да алабөтен зор. Ол қазақ драматургиясының асыл қазынасымен театр репертуарына көп үлес қосқан жазушы. 1920 жылы әйел теңдігі тақырыбына «Неке қияр» атты пьесасын жазғанынан бастап Бейімбет он алты-он жеті жыл бойында пьеса жазуын бір дүркін тастаған емес. Алғашқы кезде жазған ондаған бір перделі пьесалардың қатарында «Қаламқас» және «Ел мектебі» атты комедияны, «Бетім-ау, құдағи ғой» атты драманы арнайы атауға болады. Сонымен бірге «Шаншар молда», «Көзілдірік», «Қос қақпан» атты шағын көлемді комедиялары болған. Келе-келе жазушының драматургиялық таланты марқайып, театрларға ірі туындылар берді. Олар: «Жалбыр», «Біздің жігіттер» /1932/, «Шұға», «Майдан»/1933/, «Талтаңбайдың тәртібі»/1934/, «Аманкелді»/1936/.
         «Жалбыр» пьесасында 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі көрсетіледі. Мұндағы басты кейіпкер Жалбыр шын болған, Қостанай облысында аты мәлім Жалбыр Құдайбергенов деген ер азамат екен. Жалбыр пьесада кедей шаруаларды соңына ертіп қысым мен қиянатқа қарсы шығып, майданда халықтың азаматтығы үшін күреседі. М.Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасы секілді «Жалбыр» пьесасы 1916 жылғы халық көтерілісінің сыр-сипатын тұңғыш рет сахнада негізінен дұрыс танытқан шығарма еді. Бұдан кейін «Шұға», «Талтаңбайдың тәртібі», «Майдан» пьесаларын жарыққа шығарды. «Майдан» пьесасы 1930-жылдардың бас кезіндегі драматургиясының елеулі табысы еді.
         Бейімбет Майлин Ғабит Мүсіреповпен бірге «Амангелді» атты пьеса мен киносценарийдің алғашқы вариантын жазысқан еді.
          Бейімбет қазақ әдебиетінің барлық жанрында тыңнан жол салысқан жазушы. Ол әдебиет пен журналистика, драматургия саласында белгілі із қалдырған, жүйрік жазушы, абзал азамат.  
Қайран Би-ағаң.. .немесе Майлин туралы…

             Өлшеуге болса батырларменен ерлікті,
                             Өлшеуге болса ұраныменен елдікті,
                             Сонау бір күнде өрісін созған өнердің
                             Өлшеуге болар Бейімбетпенен кеңдікті.
                             Даладай үнсіз, тауындай биік сол ағаң,
                             Дамылсыз жазып, кітаптан сарай қалаған...
                                                                       
 Ғафу Қайырбеков.

.. Қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасына танылатын. Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар. Адам бейнесі, қарым – қатынастары әрдайым нанымды боп шығады. Бұл шығармалардың түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның 30 – жылдардың ортасына дейін Совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады.
    Мұхтар Әуезов.

«Би-аға… Сөздің асылын, түсініктісін ізде, айтам деген ойыңа лайықты сөз таппасаң, ол өлең болмайды деуші еді»
Мәриям Хакімжанова.

    «Біз үшін бүгін Бейімбет творчествосының … негізгі жазушылық концепциясы мен суреткерлік өнері маңызды. Ол дүниежүзілік озық әдебиет дәстүрінен үйрене отырып, өзіндік жаңа дәстүр қалыптастыруды, Адамды тану, оны адамзаттың өмір сүруінің негізгі мазмұны етіп алу – оның жоғарғы, биік жазушылық мұраты болды. Қазақ әдебиетінде жаңа жанрлар туғызып, көркем әңгімені кемелді әдебиет үлгілерінің қатарына қойды. Шағын шығарманың өзімен үлкен өмір шындығын көрсетуге болатындығын дәлелдеді.»
Серік Қирабаев.



     В сердце народном... или о Беимбете Майлине…

 «Творчество Беимбета Майлина – художественная летопись жизни казахского аула»
  Мухтар Ауэзов.


   «В рассказах Беимбета содержится глубокая правда, образы людей, их взаимоотношения всегда изображаются убедительно. Кроме того, его рассказы обнаруживают цельность и ясность формы…»
Мухтар Ауэзов.

    «Поэзия Беимбета Майлина – поэзия ясных мыслей, глубоких чувств и высокого художественного мастерства. Это многогранная и в то же время простая, близкая к народному творчеству духовная стихия: она похожа на многоводную, спокойную степную реку.»

Мухамеджан Каратаев.
Кітапханалық іс-шаралар сценарийлері
АҚИҚАТТЫ АЙНАЛЫП ӨТПЕГЕН ЖАЗУШЫ
Мақсаты: Қазақ әдебиетін барлық салада байытқан жазушы Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығын терең де түбегейлі тану, насихаттау. оқырмандардың көркем әдебиетке деген ынтасын арттыру, сөйлеу шеберлігін, тіл байлығын, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру.
Көрнекіліктер: слайд, суреттер, кітап көрме, бейне суреттер
Іс-шараның түрі: зияткерлік сайысы
Дайындағандар: № 2 ОӘҒК оқу залының кітапханашылары
Барысы:  І - тур Біртуар тұлға.   
                  ІІ - тур Білгірлік пен шеберлік
                  ІІІ - тур Бейне сұрақтар.
Жүргізуші: Қадірлі әдебиет сүйер қауым,  оқырмандар!
     Биік парасатты ақиық азамат, аса көрнекті жазушы, сөз зергері Бейімбет Майлиннің шығармашылығына арналған  " Ақиқатты айналып өтпеген жазушы "атты зияткерлік сайысымызға қош  келдіңіздер!
     Бейімбет Майлин - қазақтың біртуар ардақты да аяулы азаматы. Ұшқыр ой-зердесімен, аса жүрдек қаламымен алуан түрлі сөз өрнегін салып, рухани бай қазына қалдырып кеткен сан қырлы дарын иесі, шалқар шабыттың биік тұғырынан көрінген алып тұлға. Ол жазбай кетті деген журналистиканың да, әдебиеттің  де жанры жоқ деген сөзден ешбір жалғандық сезбейміз.Төгіліп жазған, сенімді сөйлеген. Қай туындысын алмасаңыз да өз кезіндегі өмірдің, қоғамның қалтарыс - бұлтарыстарын шынайы да шебер көрсете білген.
     Олай болса, бүгінгі сайысымыз арқылы  жазушы мұрасын жаңғырту, оның шығармашылық қызметін насихаттау мақсатында тоқталып өтсек дейміз. Екі топқа бөлініп сайысымызды бастаймыз!

 " Біртуар тұлға" бөлімі бойынша сұрақтарға жауап береміз.   
 1.Б.Майлин өлеңдерінде көп жырлаған басты, негізгі тақырыбы?
                                                                                                (Кедей өмірі)
 2. Бейімбет Майлинді алғаш елге жазушы ретінде танытқан қай              
        шығармасы?
                                                                                      (Шұғаның белгісі)
3."Шұғаның белгісі"  повесінің алғашқы нұсқасы қай журналда жарияланды?
                                                                                              (Садақ)
4. Әдебиеттің үш бәйтерегі, үш діңгегі  кімдер?
                             (Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин)
5. Б.Майлиннің 1912 жылы алғаш жазған өлеңі қалай аталады?
                                                                                        (Мұсылмандық белгісі)
6. Майлин прозасындағы ашаршылық көрінісі қай шығармаларданда көрінеді?
                                        ("Күлпаш", "Айт күндері", "Аштық құрбаны")
7. Колхоздастыру дәуіріндегі ауыл кедейлерінің өмірін суреттеген қандай комедиясы мен драмасын білесіздер?
("Талтаңбайдың тәртібі", "Майдан", "Ауыл мектебі", "Жасырын жиылыс",   "Келін мен шешей",  "Көзілдірікте")
8."Өмірімде көргенім күңдік,құлдық,
    Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық" -кімнің сөзі?
                                                           ( Бәйімбеттің әжесі Бойдастың сөзі)
9. "Әй, аштық. Әй, аштық,қылдың-ау!.."деген сөздер қай шығармадан алынған үзінді?
                                                              ("Аштық құрбаны".)
10. Қазан революциясы мен азамат соғысының қазақ даласындағы көрінісі автордың қандай  шығармасында көрінеді?
                                                               ("Амангелді","Біздің жігіттер")
  
Көркем сөз: Б. Майлин "Алашордаға"

Жүргізуші: "Майлиннің ілеуде бір адамға ғана боларлық еңбекқорлығы мен іске қабілеттілігі тұстастарын таң-тамаша қалдыратын. Талантпен тізе қосқан еңбек аумағы мол, маңызы баға жетпес қымбат көркем мұраны бізге сый етті"- деп Ғабит Мүсірепов айтып өткендей, көрнекті жазушыдан көп мұра қалды. Қазір жинақтан жинаққа ауысып жүрген жүзге тарта өлеңдері, ондаған поэмалары, қырық шақты көркем әңгімелері, бірнеше танымал повестері мен романдары, он беске жуық пьесалары, бір жүзден астам журналистік жарияланымдары белгілі.
        Олай болса, сайысымыздың келесі бөлімінде шығармашылық таланты жарқырай ашылып, өнімді жазуы, қаламынан алуан түрлі жанрларда, сала - сала тақырыптардағы бағалы еңбектерінен үзінділер оқылып оның қай шығармадан алынғаның табумыз керек. Дайын болсақ сайысымызы бастаймыз!
                        ілгірлік пен шеберлік"
1.-Бара алмаймын,
    Оған пенде бола алмаймын!
    Тентіретіп жіберсең де,
    Бұл тіліңді ала алмаймын!..-деген үзінді автордың қай өлеңінен алынған?
                                                                                         ( Мырқымбай)
2. Бұл күнді де күн бар екен көретін,
    Жасты иіп, тілекті Алла беретін.
    Жаны ашып жол бастаған жастарға,
    Ақыл тілеген азаматтар еретін...-деген үзінді Бейімбет Майлиннің қай
    өлеңінде кездеседі?
                                                                                     (Алашордаға)
3. Төске тартқан шеніміз бар,
    Патшаға жаққан ебіміз бар.
    Құдайға шүкір қойдан жуас,
    Момақан ғана еліміз бар.
Б. Майлиннің қай өлеңінен алынған кімнің сөзі, қай шығармадан?
                                                                                (Ыбыраймыз, Ыбыраймын)
4."...Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін..."-үзінді қай шығармадан алынған ?
                                                                                   (Шұғаның белгісі)
5."Алты айғы қыс тартқаны-аштықтың зардабы. Бар сенетіні - байы Мақтым ел қыдырып тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді"-қай шығармадан ?
                                                                                    (Күлпаш)
6."Бай-бай ызғары -ай!"Баяғы Бейсенбай болыстанда да қатаң ғой!"-
үзінді автордың қай еңбегінен және кімге айтылған сөз?
                                                                                     (Раушан - коммунист)

Көрініс: Б. Майлиннің "Шұға" пьесасынан үзінді

Жүргізуші:  Бейімбет Майлин ауыл өмірі, ауыл қазақтары туралы көп жазды. Ол шын мәнінде халықтық жазушы еді. Халық өмірін, оның мінезі мен дара қасиеттерін жақсы білетін. Оқырмандарға ой салу үшін, жақсылы -жаманды қылықтарын көрсету үшін бар қабілетін, шығармашылық қасиеттерін аямай жұмсаған.
      Сайысымыздың  келесі бөлімінде ұяшық таңдау арқылы  бейне сұрақтарға жауап беру керек.  Дайын болсақ, сайысымызды бастаймыз!
                      
                                "Бейне сұрақтар"
1.Суреттегі қандай монумент, кімдерге қойылған, қай қалада?
                                               (1932-1933 жылдардағы ашаршылық                      
                                                құрбандарына ескерткіші, Астана қаласында)
2.Б.Майлиннің мүсіні қайда қойылған?
                                                  (Қостанай облысы Таран ауданында)
3. Суреттегі кімнің портреттері?
                                                 (Әйелі Күнжамал Майлина, қызы Гүлсім)
4.Қандай фильмнен көрініс және киносценарийін жазған кімдер?
                                                  ("Амангелді" фильмі. Б.Майлин,
                                                    Ғ. Мүсірепов, В.Иванов)
5. Б.Майлин оқыған Уфа қаласындағы медресе қалай аталады?
                                                   ( "Ғалия" медресесі деп аталады )

Көркем сөз: Б. Майлин "Ыбыраймыз, Ыбыраймын"
 Жүргізуші:  Ойымызды жинақтай келіп, қорытып айтсақ, Бейімбет Майлин - өзінің жеке басының азаматтық, адамгершілік қасиеттері жағынан да, шығармашылық, шеберлік үрдістері тарапынан да біздер мен кейінгі ұрпаққа атап айтарлық, масаттана мақтанарлық, әркез үлгі - өнеге тұтарлық, тамсандырып табындырар тағылымдар қалдырған асқаралы заңғар жазушы.
      Сайыс соңында жеңген топты анықтап, сайысқа белсене қатысып, білімін көрсеткен студенттерді бағалау, марапаттау.
Пайданылған әдебиеттер
 1.    Ақиқатты айналып өтпеген жазушы: [жазушы Бейімбет Майлин туралы:  
    суреті бар] // Аңыз адам.- 2014. - № 11. - Б. 5.
  2.    Әбдиманұлы,Ө.  ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі (1900-
     1940): оқу құралы. - Алматы: Қазақ университеті, 2010. - 156 бет.
  3.    Бейісқұлов, Т. Дарын даралығы / Бейісқұлов Т.- Алматы: Қазақстан,
      1994.- 136 б.
 4.     Би аға: Б. Майлин туралы естеліктер / құраст.: Т. Бейісқұлов.- Алматы:   
      Жазушы, 1991.- 304 б.: суретті.
 5.    Жақып, Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері: оқулық / Жақып
       Б.-  Алматы: Қазақ университеті, 2007.- 485 бет.
 6.  Майлин, Б. Ел сыры: повестер, әңгімелер, өлеңдер, фельетондар
      /Б.Майлин. - Алматы: Жазушы, 1994.- 352 б.
 7.  Майлин, Б. //Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы.
     - 1986. - 344 бет.
 8.    Майлин, Б.Тұңғыш құрбан: белгісіз шығармаларының жинағы / Майлин
      Б.; құраст С. Байменшин. - Алматы: Рауан, 1994.- 254 б.
 9.      Мақпырұлы, С. Сыздықов,Т.// Қазақ әдебиеті.ІІ бөлім: Оқулық.-  

        Астана: Фолиант, 2007. - 284 бет.



Бейімбет Майлин атындағы

Арқалық қаласындағы № 3 орта мектебі
        
      Өмірде, әрбір нәрсенің дүниеге келу тарихы бар, және олардың шығу тарихы бір-біріне еш ұқсамайды өз алдына ерекше. Сол сияқты біздің мектебіміздің де тарихы өз алдына ерекше. Алғаш, геология ғылымының докторы- А.Н.Волков боксит кенін тапқаннан кейін, Торғай геологиялық барлау экспедициясы жасақталды. Дәл осы кезеңнен бастап осы өңірге жан біте бастағандай болды. Боксит пен басқа да, жер асты байлықтары молынан шыққан жерге кен қопарушылар қоныс тепті. Осының негізінде елге ырыс әкелетін құтты мекенге қала салу қажеттігі жоғары орындарда оң шешімін тапты. Сөйтіп, Арқалық атты қаланың ірге тасы қалана бастады.
     Ал, 1948-ші жылы геолгтар қалашығында бастауыш мектеп ашылды. Бүл мектеп қазіргі таңдағы Б.Майлин орта мектебі еді. Осы жылдардан бастау алған мектеп тарихында одан бері сан мыңдаған өзгерістер болды.
1950-ші жылы мектеп жеті жылдық болып ұлғайды
1954-ші жылы орта мектеп болды.
1959-шы жылы мектеп он бір жылдық. Ал,
1962-ші жылы мектепке Б.Майлин атағы берілді.
1973-ші жылдан бастап орта мектеп.
1979-шы жылдан бастап қазақ және орыс тілдеріндегі
аралас мектеп болды. Міне осы тарихи кезеңдерге қарап отырып шынында-да, "Елу жылда ел жаңа"-дегің келеді. Бүгінгі таңда мектеп 800 орындық. 20 оқу бөлмелері, рәсім жэне спорт залдары, асханасы мен үш шеберханасы бар. Қазіргі заманға сай техникамен жабдықталған, арнайы компьютерлік бөлмелер бар.                                                                                                                      
       Балалардың рухани жан дүниесін, дамытып терең де ауқымды тәрбие беруде түрлі танымдық ойын сайыстар мен рухани адамгершілік қасиеттерін арттыру, ұлттық салт-дәстүр. әдет-ғұрыпымызды дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып. кала деңгейіндегі сайыс бағдарламалардың биігінен көрініп жүр. Мектеп республика деңгейінде танымал "Асыл-мұра" бағдарламасымен жүмыс жүргізеді. Сондай – ақ мектепте түрлі кездесу кештері де жиі ұйымдастырылып отырады. Сол кездесулердің бір көрінісі төмендегі соғыс ардагері Кадурина.Н.В мен кездесу сәті.                                                                                                                                                    
        Әрине мақтануға тұратын мектебімізге еңбегі сіңген ұстаздарымыз баршылық. Қала көлеміне танымал болып жүрген, әлі күнге дейін ел қалаулысы болып, қаламыздың жанашырлары қатарында жүрген: Дәулетова Орал Даулетқызын біз мақтанышпен атаймыз, көп жылдар мектебімізге еңбегі сіңген; Нуркина Алма Аңсаганқызы, Алимова Галина Леонидовна, Агеееа Татьяна Сергеевна, Атыгаее Балгожа Атыгайұлы, Бабынина Людмила Леонидовна, Волосухина Рита Васильевна, Шелкунова Раиса Васильеена, Қалиев Тұралы Қалиұлы, Сагимолдин шәріп Сагимолда ұлы, Нұрмағанбетова Ермек Рақымжанқызы, Қасымоеа Рақия Құрмангали қызы, Ахатова Алма Әбділда қызы, Загипароеа Ермек Қазыбек қызы, Жакупова Айбарша Сейдәзім қызы...
"Шәкіртсіз ұстаз тұл" - демекші осы ұстаздарымыздың еңбегі ізін басып келе жатқан оқушыларының жетістіктерімен үстем екені кім кімге де белгілі. Кезінде өздері білім берген оқушыларының бүгінде үлкен орындарда қызымет етіп отырғанын көргенде ұстаз бақытына еш нәрсе жетпес. Ендеше, ұстаздарын сондай бақытқа жеткізген, Б.Майлин атындағы орта мектеп түлектерін атап өтейік:
Абжанова Айда - қалалық прокурордың орынбасары.
Байзаков Арман - Қостанай қаласында қызымет атқарады.
Боранбекова Гүлнәр- қалалық емхананың дәрігері
Ибраева Гульнара Кульмухамедовна - №5 мектепте директоры жүмыс істейді.
Овчинникова Татьяна - Астана қаласында университетте
Саржанов Серік Алшынбайүлы - қалалық маслихаттың хатшысы.
Саржнов Бейсен- ТБРУ кенші.
Саржанова Гульнар -Астана қаласында кітап фирмасының президенті.
Сейдахметова Шолпан - Қазақстан қаржы министірлігінде жүмыс істейді.
Сейдахметов Серік-Астана қаласында.
Тасмағанбетов Сабыржан Нұрсалиүлы - Ы.Алтынсарин атындағы гим-назияның директоры.
Чужбаев Тулебай - Ковыльныйда директоры жұмыс істейді.
Шаяхметова Айтжан- Астана қаласында ГорОО инспекторы.
Шамшин Арман Жақанұлы - Арқалық қаласының әкімінің орынбасары.

Спорт саласындағы жетістікке жеткен түлектеріміз.
Сейтешов Сағынғали - қазақша күрестен түйе палуан, самбодан спорт шебері.
Досов Самат - Қостанай қаласында каратэ-до федерациясының президенті қара белбеу иегері
Закирова Махаббат - самбодан спорт шебері алтын алқа иегері Жапония қаласында өткен турнирден.
Провошинский Александр - шаңғы спортының жүлдегері.
Саржанова Гуля - шахматшы.
Чернова Галина - шаңғы спорты.
     Иә, кешегіңе қарап бүгінгіңді бағала -демекші, кешегі мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан сан түлекке қарап, мектебіміздің болашағынан зор үміт ар-тамыз. Әлі де, қанша түлеп ұшқалы тұрған түлекке, алдарыңнан тек ақ жол ашылсын жас талап!- деп тілек айтқымыз келеді.


        Мәліметтер «Аркалык – город сильных и стойких духом людей». -Костанай, 2005. балалар энциклопедиясынан алынды
Сол бір зұлмат жылдарда...

КYҢIРЕНГЕН КYНЖАМАЛ


        Зобалаң жылдары қанша кәрі-жас, ақ жаулықты ана, желегі желкілдеген қыз-келіншек, бала-шағаның жетім қалғанын, отбасылары ойрандалып, үйлерінен қуылғанын, жер аударылғанын, түрмеге отырғызылғанын, балалар үйлеріне жіберілгенін, бірсыпыра жанның көшеде қаңғып қалғанын көрген-білген адамдардың әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Сол дәуірде қазақтың маңдайына біткен бірегей перзенті Бейімбет Майлиннің үй-іші сондай күйге ұшырады. Алаштың бәйтерегін екі адам түн жамылып келіп, қолын артына қайырып, «қара құзғын» мәшинесіне тығып алып кеткен күннен бастап отбасы шексіз қасіретке душар болды.
      Үйде тек балалары ғана еді. Алып кетуге келгендердің айбат шегіп, өктем сөйлегендерінен шошынған балалардың бірі қыстығып, бірі боздап жылай беріпті. НКВД адамдары «тінту жасауға рұқсатымыз бар» деп үйдің астан-кестенін шығарады. Бейімбеттің жұмыс бөлмесінен сөрелердегі, жазу үстеліндегі кітаптарды, қолжазбаларды үйіп жинағаннан кейін, олар екінші мәшине шақыртады.
      Әкесін алып кетісімен, қорыққанынан пәтерден қашып шыққан балаларының үлкені Әукен (16 жаста) көршілердің есіктерін соғып, жылап тұрып көмек сұраған. Бірақ, пәлесі жұғар деп тоғышарлық істеген олардың ешқайсысы есіктерін де ашпаған, кейбірі «кет, неге келдің?» деп, баланы қуып жіберген. Ересек Әукен салы суға кете үйіне қайтып, алғаш рет маңдайына тас тигендей сезінді, қатты қапаланды. Үйге кіріп, оның ыбырсып, шашылып жатқанын көрді, қолжазбалар тұрмақ, кітаптарына дейін НКВД қызметкерлері тиеп алып кетіпті. Қызы Рәзияның айтуына қарағанда, Бейімбетті әкетіп бара жатқанда жылап, сұңқылдаған балаларға «Не бойтесь, дети. Мы его не трогаем. Ваш отец через два дня придет» деп алдарқатқан.
Үйден шығар кезде Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге:
- Әукен, сен баланың үлкенісің ғой. Мына бауырларыңа қамқор бол. Кітаптарымды сақтап жүр, -дейді. Далаға шығып, «қара құзғынға» жақындай бере Бейімбет жалт бұрылып, екінші қабаттағы балконда жылап тұрған балаларынан көз алмай тұрып қалады. Қасындағы жендеттер ырық берсін бе, екі жақтан жұлқып, дедектетіп алып кете берген.
Ертеңіне, 7 қазан күні, ертемен кеткен Әукен шешесін әкеледі. Шұрқырап жылап, бір түннің ішінде жетімсіреп қалған Мереке, Рәзия, Еділ алдынан шыққанда Күнжамал өзеурей құшағына алғанмен, бір сұмдықтың болғанын жүрегі сезеді. Қайтып келе жатқанда Әукен де жарытып ештеңе айта қоймайды. «Әкем командировкаға кететін болды, сізді шұғыл алып келуге жіберді» деп жалтара сөйлеген…
- Әкелерің қайда? – дейді салған жерден Күнжамал. Өзі секем алып, сезіктенген күйде. Балаларда үн жоқ, мектепке де бармаған. Күнжамал үй-ішін шолып, Бейімбеттің жұмыс бөлмесіне келсе, есігі жабық тұр. НКВД адамдары кілттеп, кілтін алып кеткен екен. Күнжамал өзіндегі екінші кілтпен ашқанда шошынып, өңі боп-боз болып кетеді. Сорлағанын түсініп, еңіреп, көз жасын ағызып, буын-буыны дірілдеп отыра кетеді. Сол күні бұлар аза тұтады. Бордай егіліп, ботадай боздайды. Көл боп аққан көз жасы. Киім шешусіз, тамақ ішусіз қалды. Көрер таңды көзімен атырды. Бозала таңнан тұрған Күнжамал Фатимаға барады. Оның да басы қатып, қам көңілде жүрген кезі. Ілиястың тұтқындалғанына бір жарым айдан асып кеткен. Бейімбетті іздеуге шыққанын айтып, балаларына көз қырын салуын өтінеді.
     Түрменің қайда екенін білмейтін Күнжамал көп іздейді. Сұрастыра жүріп еңселі сұр үйге келеді. «Сұрқайы түрі ызғар шашып тұр ғой. Адам шошырлық екен» деп ішінен ойлайды. Мұның қай есігінен кіреді екен деп төрт көшенің бұрыш-бұрышын қымтап алған зәулім үйді айнала жүреді. Бір қақпаның алдында бір топ адамдар тұр екен. Байқаса, көбісі – әйелдер. Сұрастырса, өзі сияқты арыстарынан айырылған жандар. Түрме қақпасын торуылдап, қайтсек бір хабар білеміз деп үміт етіп жүргендер. Бірақ, биік қақпа тарс жабылған, ешкім кіре де алмайды, шыға да алмайды, ешкіммен тілдесу де мүмкін емес. Қарауылдың өзі де сұрағанға жауап беруге ерінеді, құқы жоқ немесе үн қатуға тыйым салынған. Күнжамал анамен бір, мынамен бір шүйіркелесіп, Бейімбетті сұрастырады, хабарын білетін бір жан болсашы. Екі иығы салбырап, көзі жәудіреп, «енді не істеймін, Құдай» деп санасы сарсылып тұрғанда сары ала киімді бір офицер шығады.
Бәрі жапырлап онымен тілдесуге лап қояды. Ол асығыс-үсігіс сөйлеседі, жарытып ештеңе айтпайды. Күнжамал да ілгері ұмтылады. Офицермен тіл қатысып еді, анау күңк етті де кетіп қалды, бірақ Бейімбеттің осы абақтыға әкелінгенін сезді. Оған да шүкіршілік етті, сөйтіп, кешке қарай дымы құрып, дел-сал күйде үйіне келді. Ертемен шыққанда, Бейімбетті көремін, түрме бастығына оның еш жазығы жоқ деп айтамын деп ойлап еді, енді, міне, дәрменсіз әрең қайтты. Осылай тағы бір күн өтті.
     Үшінші күні төбеден жай түскендей тағы бір қасірет қосылды. Күнжамалдың отбасы тұрып жатқан төрт бөлмелі үйден қуып шығарылды. Кешке қарай Ыстықкөл көшесіндегі екі бөлмелі үйдің бір бөлмесіне бес баламен келіп Күнжамал кіреді. Бір бөлмесіне төрт баласымен Фатима жайғасыпты. Әрі аласа, әрі тар үй олардың еңсесін басып, уайым-қайғыларын онан сайын қалыңдатты. Фатима мен Күнжамал балаларын бір-біріне кезек-кезек қалдырып, күндіз-түні төрт көшенің қиылысын торып аңдиды. Шығара қалса, әлде қалай бір жаққа апара жатса, тым құрыса көріп қалармыз, амандығын біліп, тіл қатысармыз деген есек дәмемен қазіргі Наурызбай батыр – Ыстықкөл, Желтоқсан – Қабанбай батыр көшелерінде сабылып торуылдайтынды шығарды. Абақтыға күн сайын барады, кеш бата мұңға батып, аяғын сүйретіп оралады. Бейімбетті көре алмайды, бір сәт тілдесе де алмайды. Кездестіруді қанша өтінсе де, түрме басшылары рұқсат бермеді, әні-міне деп сағыздай созып, адамның титығына жетті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды Күнжамал. Іштей күңірену, сырттай сарылу. Күнжамал сан барып сандалып, табанын тоздырып жүргенде тек бір айдан кейін ғана Бейімбетпен жолыға алды. Бұл – тергеудің аяқталып қалған кезі. Кездестіргенін қайтсін, көп сөйлестірмеді. Шешіліп әңгімелеспек болған Күнжамал үсті-басын, бет-жүзін көріп шошып кетеді. Бірақ, Бейімбеттің әлі тірі екенін көріп шүкір етеді. Өзін сабырлы ұстаса да, шашын тақырлап алып тастағанын көріп:
- Саусағыңмен шиырып отыратын шашыңа дейін қалдырмапты-ау, енді неңді бұрайсың? –деп көз жасына ерік беріп алған. Бірде аузын ашып еді Бейімбеттің тістерін көріп қалған Күнжамал:
- Сұмдық-ау, тістеріңді де сындырыпты?- дейді шошынып. Сол-ақ екен, бірге келген тергеуші: – Бұл жер шипажай емес қой!-деп кекете сөйлейді. Жан алғыш қасында отырса, адам ақтарылып сөйлесе ала ма?
- Күнжамал, жылай берме, ұстамды, мықты едің ғой. Балаларға ие бол, ауылға бар, ол жақта жеңілдеу. Менің қолжазбаларымды сақта, әлі заман өзгереді, сонда олар саған керек болады, – деп, көңілі бұзылып, мұңайған екен. Келесі кездесу бір айдан кейін еді. Үздіктіріп, дәмелендірген қулық болып шықты. Жолықтыруға келіскен күні Күнжамал екі қызын – Рәзия мен Гүлсімді киіндіріп, тамақ алып түрмеге келді. Бірақ, кездестіруге рұқсат етілмей, үйіне егіліп қайтады. Абақтыға одан соң да жиі келеді, бірақ Бейімбеттің жүзін көріп, сөзін ести алмай-ақ қойды.
      Содан төрт айға жуық уақыт өтеді. Ешқандай хабар ести алмай қамығып Күнжамал жүреді. Тұрмыс жағдайы ауырлады. Ішерге тамақ, киерге киім тапшы. Азып-тозуға айналды. Ағайын-туғандардан, дос-жарандардан қайыр жоқ. Би-аға дүниеге қызыққан адам емес, байлық жинамаған. Тек Ғабит Мүсірепов жасырын түрде қаражат беріп, көмектескен болады, ал ол қай жыртығына жетсін?! Алаңдап ауыл жаққа да кетпеді, абақтыда азап шегіп отырған қосағын, жиырма шақты жыл отасқан, ақжарқын, таза көңілмен, сыйластық пейілмен өмірдің ащы-тұшысын бірге өткізген Бейімбетін қимады.
     1938 жылғы ақпан айының бірі күні Фатима тергеушілермен келісіп Ілияспен кездесуге барады. Бұл жолы ол Болат деген баласын әкесіне көрсетпекші. Қасына Күнжамал еріп көмектеседі. Ілиясқа деп дайындап қойған заттарын алып жүреді, ал Фатима баласын көтеріп алады. Түрмеге келіп, ішіне кірген Фатиманы күтіп, Күнжамал отыра береді. Ілиястың «Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуді үйрет… Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып, еркін өмір сүрсін» дегені осы жолы еді. Күнжамал бұдан бұрын бала туарда толғақ қысып, ауруханаға жаяу бара жатқан Фатиманың қасында болған еді. Күнжамал орта жолда туып қалған баланың шаранасын сыпырып, бірінші болып қолына алған екен.
      Азапты күндерін арқалатып айдың соңғы күндері де жетті. Күнжамал ауыр күрсініп, түрмеге тағы бет алды. Қақпа алдында «А, Құдай, Бейімбетпен кездестіре гөр!» деген тілеу тілеп тұрғанында есікті сықырлатып шыққан түрменің конвойы бір құшақ киім-кешек әкеліп береді.
- Бұл не?-деп сұрайды Күнжамал.
- Күйеуіңіздің киімдері, -дейді конвой.
- Ау, қарағым-ау, сонда ол не киеді?-деп аң-таң болып қарайды.
Конвой мысқылдап:
- Ол енді мемлекеттің киімін киеді,-деген екен шімірікпестен. Өзі басқа сөзге келмей сап етіп кіріп кетеді. Бейімбеттің атылғанынан бейхабар Күнжамал сұрағына тұшымды жауап алмаған соң, бүйрегі бүлк етіп сезіктенеді. Кездесуге рұқсат бермеді. Ол күні Күнжамал жұбайының атылғанын білген жоқ. Бейімбеттің түрмеде өзі түгіл, сүйегі де жоқ екенін ешкім тіс жарып айтпайды. Әйтсе де, секем алған Күнжамал бода-бодасы шығып, аңырап келе жатып, көптен таныс Әмина Еленованың үйіне соғады. Ең бірінші кездестірген Әминаға шерін төге отырып, құшақтап алып қайтқан Бейімбеттің киімдерін көрсетеді. Сол киімнің ішінде түрмеде түсірген фотосуреттегі тозығы жеткен пальтосы да бар екен.
    Есіл жұбайларының қайда екенін біле алмай зар қағып жүрген әйелдерді НКВД қызметкерлерінің қалай алдағанын Фатима Ғабитованың мына жазбасынан да көруге болады: «Бір-екі күн өткен соң тағы шақырылдым. Бұл жолы да басқа орыс қарсы алды… Мен сияқты тағы бірнеше ерлері әкетілген әйелдерді жинаған екен. Ішінде Сәкеннің әйелі – Гүлбаһрам да бар еді. Ол орыстың бізге ескерткені: ерлеріміз он жылға алыс Сібірге айдалыпты».
Үйіне келгеннен кейін Күнжамал балаларына «Сендер енді – нағыз жетімсіңдер» дейді көз жасын тыя алмай.
    Бейімбет Майлин ақпанның 26-сында атылса, Күнжамал соның ертеңіне, яғни 27 ақпан күні оның киімін алған.
     Азаматтарды атып болғаннан кейін әйелдеріне қырғидай тиді. «Қатындарын да айдайды екен,  балаларын балалар үйіне алады екен», «Әйелдерді балаларымен қызыл вагонға салып, алыс жаққа жібереді екен» деген хабар тарады. Бұл сөз шынға айналды, сәуір ішінде «жаулардың» әйелдерін қамау етек алды. Зәресі кеткен Фатима ертерек қамданып қалды. Ол үш баласын өзі туып-өскен жері – Қапалға нағашы апасы Хұппимен бірге жібереді. Өйткені, Фатима 13 жасар Жәнібек деген баласын НКВД-ның түрмеге қамағанынан шошынды және басқа балаларымды айырып әкетер деп сескенді. Қолында төрт айлық бір баласы қалған. Ал, Күнжамалдың туған жері алыс, әрі жанашыр ешкімі болмады да, қам-қарекет істей алмады. Күнжамалдың құр сүлдері қалды, жылаудан көз ашпайды. Бейімбеттің айтқаны шынға айналды. «Халық жауларының» әйелдерін де ұстап, темір торлы бөлмелерге тығу басталды.
     «Жамандық аяқ астынан шығады, ойламаған жерден келеді» деген рас-ау, сірә. Б. Майлиннен еш хабар болмай, дел-сал жағдайда жүрген Күнжамалды да тұтқындайды. Кеш бата үйіне әскери киімді екі адам, бірі еркек, бірі әйел, бүк түсіп жатқан жерінен басын көтерген Күнжамалға: «Сіз тұтқындалдыңыз» дейді. Үйдің іші у-шу, азан-қазан болады. Балалар әуелі сұңқылдап, одан кейін боздап жібереді. Оған қарасын ба, берілген тапсырма-бұйрықты орындауға кіріседі. Балаларды мәшинеге отырғызып әкетуге кіріскенде бұрынғы кездерде үнемі жайраң қағып жүретін, көпшіл, қонақжай, мейірімді Күнжамал түтігіп, қарсы айбат көрсетеді. Бірақ одан ештеңе шықпайды. Тұтқындаушылар дөрекілік көрсетіп, «бол-болдың» астына алып, асықтыра берген. Шыдай алмаған Күнжамал: – Сендер бұнымен Бейімбетті өлтіре алмайсыңдар. Оның орнына ертең тағы бес Майлин ер жетеді,-деген екен бұлқан-талқан болып. Ашу үстінде бұрқылдаған мінез көрсеткен оны екеуі сүйрей-мүйрей алып шыққан соң «қара құзғынға» тықпалап кіргізіп, жүріп кетеді. Ал зар еңіреп қалған балаларды басқа мәшинеге тиеп әкетеді. Қай жаққа әкеткенін ешкім білмейді. Сөйтіп, Бейімбеттің балалары әкеден өлідей, шешеден тірідей айырылып, қаңғып қала берген. Кейінірек белгілі болғандай, үшеуін панасыз балаларды қабылдау үйіне, ал Гүлсімді бөбектер үйіне өткізіпті. Әукен далада қалған. Үйлеріне мөр басып, құлып салынған.
    Сонымен Күнжамалдың тұтқындалған күні –1938 жылғы 13 сәуір, яғни Бейімбеттің түрмеге түскеніне 189, атылғанына 46 күн өткен кез. Осылай айрандай ұйып отырған өнегелі, берекелі отбасының ошағы ортасына түсіріліп, шаңырағы шайқалып, тоз-тозы шықты. Күнжамал жұбайы аманат еткен екі тапсырмасын орындай алмады. Бірі – қолжазбаларымды сақта, екіншісі-балаларға ие бол деп еді. «Байтал түгіл, бас қайғы» күн туып, өзі де Бейімбеттің артынан кеткен Күнжамал ол аманаттарды қалай орындасын?! Алдында не күтіп тұр, қандай қасіретке тап болады? Оның анық-қанығын Күнжамал білмейді. Темір құрсауға түсті, одан құтылып шыға ала ма, жоқ па?
Күнжамалдың еш жазығы жоқ екені айдан анық. «Халық жауының» әйелі не істей қоятын еді?! Дүниені төңкеріп, кеңес заманын қопарып тастай ма? Ол шаруа қолынан келетін әйел ме Күнжамал? Соған түйсік-саналары жетпеген НКВД қызметкерлерінің қараулығы шектен асқан-ау. Тергеушіге Күнжамал бірде: «Мен Бейімбетпен бірге боламын. Он жеті жасымда оған қосылып, жиырма жыл бірге тұрмыс құрдық. Мені Бейімбеттің қасына жіберіңдер» дегендей сөз айтқан көрінеді. Бейімбеттің тірі емес екенін, атылып кеткенін білмеген ғой. Білсе, мені қоса атыңдар, одан жаным артық емес дер ме еді.
    Тілек-өтініші шырқырап өзімен бірге кетті. Сот отырысы өтіп, Күнжамал Майлина РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша сегіз жылға кесіледі. Көп ұзамай, Қарағанды лагеріне «АЛЖИР-ге» этаппен аттандырылады. Онымен бірге бұл лагердің азабы мен ауыртпалығын, қайғысы мен қасіретін тартқан А. Байтұрсыновтың Бадриса, Т. Рысқұловтың Әзиза, С. Меңдешевтің Рәзия, С. Асфендияровтың Әйіш, С. Есқараевтың Мәрия, Қ. Тәштитовтың Сағадат, С. Қожановтың Күләндам, І. Қабыловтың Айша, С. Сәдуақасовтың Елизавета, М. Жұмабаевтың Зылиха сияқты жарлары, әзиз аналар да болды. Сол уақыттағы халқының ардақты азаматтарының әйелдері лагерде адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген. Олар қара жұмыс жасады, киім тікті, қой бақты, әйтеуір, оларға істемегені жоқ. Жататын жерлері нардың үсті, иіс-қонысы мүңкіген барақ үйлер, астарынан сыз, үстерінен суық өтеді. Өлген қой-қозы болса, жасырын қуырып жеп, талшық еткен. Ішкендері – дәм-сөлі, жылтыраған майы да жоқ тамақ. Бәрін де тұманды ой басады, күйеулерінің қайда екенін біле алмай бастары қатады, балаларының бар-жоғын ойлап күңіренеді.
Күнжамал «АЛЖИР-де» арып-ашып, азып-тозып, Құдайға мұң-зарын шағып күн өткізіп жүреді.
     Әуелде «кім қой бағады?» дегенде «мен бағамын» деп келіскен оның алдына бес жүз қой салып берген. Қолынан келетіні осы жұмыс деп білген оның басқа іске икемі келе қоймайды. Содан қысы-жазы қойдың соңында жүрген…


Интернет ресурстары қорынан алынған