среда, 13 августа 2014 г.

Сол бір зұлмат жылдарда...

КYҢIРЕНГЕН КYНЖАМАЛ


        Зобалаң жылдары қанша кәрі-жас, ақ жаулықты ана, желегі желкілдеген қыз-келіншек, бала-шағаның жетім қалғанын, отбасылары ойрандалып, үйлерінен қуылғанын, жер аударылғанын, түрмеге отырғызылғанын, балалар үйлеріне жіберілгенін, бірсыпыра жанның көшеде қаңғып қалғанын көрген-білген адамдардың әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Сол дәуірде қазақтың маңдайына біткен бірегей перзенті Бейімбет Майлиннің үй-іші сондай күйге ұшырады. Алаштың бәйтерегін екі адам түн жамылып келіп, қолын артына қайырып, «қара құзғын» мәшинесіне тығып алып кеткен күннен бастап отбасы шексіз қасіретке душар болды.
      Үйде тек балалары ғана еді. Алып кетуге келгендердің айбат шегіп, өктем сөйлегендерінен шошынған балалардың бірі қыстығып, бірі боздап жылай беріпті. НКВД адамдары «тінту жасауға рұқсатымыз бар» деп үйдің астан-кестенін шығарады. Бейімбеттің жұмыс бөлмесінен сөрелердегі, жазу үстеліндегі кітаптарды, қолжазбаларды үйіп жинағаннан кейін, олар екінші мәшине шақыртады.
      Әкесін алып кетісімен, қорыққанынан пәтерден қашып шыққан балаларының үлкені Әукен (16 жаста) көршілердің есіктерін соғып, жылап тұрып көмек сұраған. Бірақ, пәлесі жұғар деп тоғышарлық істеген олардың ешқайсысы есіктерін де ашпаған, кейбірі «кет, неге келдің?» деп, баланы қуып жіберген. Ересек Әукен салы суға кете үйіне қайтып, алғаш рет маңдайына тас тигендей сезінді, қатты қапаланды. Үйге кіріп, оның ыбырсып, шашылып жатқанын көрді, қолжазбалар тұрмақ, кітаптарына дейін НКВД қызметкерлері тиеп алып кетіпті. Қызы Рәзияның айтуына қарағанда, Бейімбетті әкетіп бара жатқанда жылап, сұңқылдаған балаларға «Не бойтесь, дети. Мы его не трогаем. Ваш отец через два дня придет» деп алдарқатқан.
Үйден шығар кезде Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге:
- Әукен, сен баланың үлкенісің ғой. Мына бауырларыңа қамқор бол. Кітаптарымды сақтап жүр, -дейді. Далаға шығып, «қара құзғынға» жақындай бере Бейімбет жалт бұрылып, екінші қабаттағы балконда жылап тұрған балаларынан көз алмай тұрып қалады. Қасындағы жендеттер ырық берсін бе, екі жақтан жұлқып, дедектетіп алып кете берген.
Ертеңіне, 7 қазан күні, ертемен кеткен Әукен шешесін әкеледі. Шұрқырап жылап, бір түннің ішінде жетімсіреп қалған Мереке, Рәзия, Еділ алдынан шыққанда Күнжамал өзеурей құшағына алғанмен, бір сұмдықтың болғанын жүрегі сезеді. Қайтып келе жатқанда Әукен де жарытып ештеңе айта қоймайды. «Әкем командировкаға кететін болды, сізді шұғыл алып келуге жіберді» деп жалтара сөйлеген…
- Әкелерің қайда? – дейді салған жерден Күнжамал. Өзі секем алып, сезіктенген күйде. Балаларда үн жоқ, мектепке де бармаған. Күнжамал үй-ішін шолып, Бейімбеттің жұмыс бөлмесіне келсе, есігі жабық тұр. НКВД адамдары кілттеп, кілтін алып кеткен екен. Күнжамал өзіндегі екінші кілтпен ашқанда шошынып, өңі боп-боз болып кетеді. Сорлағанын түсініп, еңіреп, көз жасын ағызып, буын-буыны дірілдеп отыра кетеді. Сол күні бұлар аза тұтады. Бордай егіліп, ботадай боздайды. Көл боп аққан көз жасы. Киім шешусіз, тамақ ішусіз қалды. Көрер таңды көзімен атырды. Бозала таңнан тұрған Күнжамал Фатимаға барады. Оның да басы қатып, қам көңілде жүрген кезі. Ілиястың тұтқындалғанына бір жарым айдан асып кеткен. Бейімбетті іздеуге шыққанын айтып, балаларына көз қырын салуын өтінеді.
     Түрменің қайда екенін білмейтін Күнжамал көп іздейді. Сұрастыра жүріп еңселі сұр үйге келеді. «Сұрқайы түрі ызғар шашып тұр ғой. Адам шошырлық екен» деп ішінен ойлайды. Мұның қай есігінен кіреді екен деп төрт көшенің бұрыш-бұрышын қымтап алған зәулім үйді айнала жүреді. Бір қақпаның алдында бір топ адамдар тұр екен. Байқаса, көбісі – әйелдер. Сұрастырса, өзі сияқты арыстарынан айырылған жандар. Түрме қақпасын торуылдап, қайтсек бір хабар білеміз деп үміт етіп жүргендер. Бірақ, биік қақпа тарс жабылған, ешкім кіре де алмайды, шыға да алмайды, ешкіммен тілдесу де мүмкін емес. Қарауылдың өзі де сұрағанға жауап беруге ерінеді, құқы жоқ немесе үн қатуға тыйым салынған. Күнжамал анамен бір, мынамен бір шүйіркелесіп, Бейімбетті сұрастырады, хабарын білетін бір жан болсашы. Екі иығы салбырап, көзі жәудіреп, «енді не істеймін, Құдай» деп санасы сарсылып тұрғанда сары ала киімді бір офицер шығады.
Бәрі жапырлап онымен тілдесуге лап қояды. Ол асығыс-үсігіс сөйлеседі, жарытып ештеңе айтпайды. Күнжамал да ілгері ұмтылады. Офицермен тіл қатысып еді, анау күңк етті де кетіп қалды, бірақ Бейімбеттің осы абақтыға әкелінгенін сезді. Оған да шүкіршілік етті, сөйтіп, кешке қарай дымы құрып, дел-сал күйде үйіне келді. Ертемен шыққанда, Бейімбетті көремін, түрме бастығына оның еш жазығы жоқ деп айтамын деп ойлап еді, енді, міне, дәрменсіз әрең қайтты. Осылай тағы бір күн өтті.
     Үшінші күні төбеден жай түскендей тағы бір қасірет қосылды. Күнжамалдың отбасы тұрып жатқан төрт бөлмелі үйден қуып шығарылды. Кешке қарай Ыстықкөл көшесіндегі екі бөлмелі үйдің бір бөлмесіне бес баламен келіп Күнжамал кіреді. Бір бөлмесіне төрт баласымен Фатима жайғасыпты. Әрі аласа, әрі тар үй олардың еңсесін басып, уайым-қайғыларын онан сайын қалыңдатты. Фатима мен Күнжамал балаларын бір-біріне кезек-кезек қалдырып, күндіз-түні төрт көшенің қиылысын торып аңдиды. Шығара қалса, әлде қалай бір жаққа апара жатса, тым құрыса көріп қалармыз, амандығын біліп, тіл қатысармыз деген есек дәмемен қазіргі Наурызбай батыр – Ыстықкөл, Желтоқсан – Қабанбай батыр көшелерінде сабылып торуылдайтынды шығарды. Абақтыға күн сайын барады, кеш бата мұңға батып, аяғын сүйретіп оралады. Бейімбетті көре алмайды, бір сәт тілдесе де алмайды. Кездестіруді қанша өтінсе де, түрме басшылары рұқсат бермеді, әні-міне деп сағыздай созып, адамның титығына жетті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды Күнжамал. Іштей күңірену, сырттай сарылу. Күнжамал сан барып сандалып, табанын тоздырып жүргенде тек бір айдан кейін ғана Бейімбетпен жолыға алды. Бұл – тергеудің аяқталып қалған кезі. Кездестіргенін қайтсін, көп сөйлестірмеді. Шешіліп әңгімелеспек болған Күнжамал үсті-басын, бет-жүзін көріп шошып кетеді. Бірақ, Бейімбеттің әлі тірі екенін көріп шүкір етеді. Өзін сабырлы ұстаса да, шашын тақырлап алып тастағанын көріп:
- Саусағыңмен шиырып отыратын шашыңа дейін қалдырмапты-ау, енді неңді бұрайсың? –деп көз жасына ерік беріп алған. Бірде аузын ашып еді Бейімбеттің тістерін көріп қалған Күнжамал:
- Сұмдық-ау, тістеріңді де сындырыпты?- дейді шошынып. Сол-ақ екен, бірге келген тергеуші: – Бұл жер шипажай емес қой!-деп кекете сөйлейді. Жан алғыш қасында отырса, адам ақтарылып сөйлесе ала ма?
- Күнжамал, жылай берме, ұстамды, мықты едің ғой. Балаларға ие бол, ауылға бар, ол жақта жеңілдеу. Менің қолжазбаларымды сақта, әлі заман өзгереді, сонда олар саған керек болады, – деп, көңілі бұзылып, мұңайған екен. Келесі кездесу бір айдан кейін еді. Үздіктіріп, дәмелендірген қулық болып шықты. Жолықтыруға келіскен күні Күнжамал екі қызын – Рәзия мен Гүлсімді киіндіріп, тамақ алып түрмеге келді. Бірақ, кездестіруге рұқсат етілмей, үйіне егіліп қайтады. Абақтыға одан соң да жиі келеді, бірақ Бейімбеттің жүзін көріп, сөзін ести алмай-ақ қойды.
      Содан төрт айға жуық уақыт өтеді. Ешқандай хабар ести алмай қамығып Күнжамал жүреді. Тұрмыс жағдайы ауырлады. Ішерге тамақ, киерге киім тапшы. Азып-тозуға айналды. Ағайын-туғандардан, дос-жарандардан қайыр жоқ. Би-аға дүниеге қызыққан адам емес, байлық жинамаған. Тек Ғабит Мүсірепов жасырын түрде қаражат беріп, көмектескен болады, ал ол қай жыртығына жетсін?! Алаңдап ауыл жаққа да кетпеді, абақтыда азап шегіп отырған қосағын, жиырма шақты жыл отасқан, ақжарқын, таза көңілмен, сыйластық пейілмен өмірдің ащы-тұшысын бірге өткізген Бейімбетін қимады.
     1938 жылғы ақпан айының бірі күні Фатима тергеушілермен келісіп Ілияспен кездесуге барады. Бұл жолы ол Болат деген баласын әкесіне көрсетпекші. Қасына Күнжамал еріп көмектеседі. Ілиясқа деп дайындап қойған заттарын алып жүреді, ал Фатима баласын көтеріп алады. Түрмеге келіп, ішіне кірген Фатиманы күтіп, Күнжамал отыра береді. Ілиястың «Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуді үйрет… Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып, еркін өмір сүрсін» дегені осы жолы еді. Күнжамал бұдан бұрын бала туарда толғақ қысып, ауруханаға жаяу бара жатқан Фатиманың қасында болған еді. Күнжамал орта жолда туып қалған баланың шаранасын сыпырып, бірінші болып қолына алған екен.
      Азапты күндерін арқалатып айдың соңғы күндері де жетті. Күнжамал ауыр күрсініп, түрмеге тағы бет алды. Қақпа алдында «А, Құдай, Бейімбетпен кездестіре гөр!» деген тілеу тілеп тұрғанында есікті сықырлатып шыққан түрменің конвойы бір құшақ киім-кешек әкеліп береді.
- Бұл не?-деп сұрайды Күнжамал.
- Күйеуіңіздің киімдері, -дейді конвой.
- Ау, қарағым-ау, сонда ол не киеді?-деп аң-таң болып қарайды.
Конвой мысқылдап:
- Ол енді мемлекеттің киімін киеді,-деген екен шімірікпестен. Өзі басқа сөзге келмей сап етіп кіріп кетеді. Бейімбеттің атылғанынан бейхабар Күнжамал сұрағына тұшымды жауап алмаған соң, бүйрегі бүлк етіп сезіктенеді. Кездесуге рұқсат бермеді. Ол күні Күнжамал жұбайының атылғанын білген жоқ. Бейімбеттің түрмеде өзі түгіл, сүйегі де жоқ екенін ешкім тіс жарып айтпайды. Әйтсе де, секем алған Күнжамал бода-бодасы шығып, аңырап келе жатып, көптен таныс Әмина Еленованың үйіне соғады. Ең бірінші кездестірген Әминаға шерін төге отырып, құшақтап алып қайтқан Бейімбеттің киімдерін көрсетеді. Сол киімнің ішінде түрмеде түсірген фотосуреттегі тозығы жеткен пальтосы да бар екен.
    Есіл жұбайларының қайда екенін біле алмай зар қағып жүрген әйелдерді НКВД қызметкерлерінің қалай алдағанын Фатима Ғабитованың мына жазбасынан да көруге болады: «Бір-екі күн өткен соң тағы шақырылдым. Бұл жолы да басқа орыс қарсы алды… Мен сияқты тағы бірнеше ерлері әкетілген әйелдерді жинаған екен. Ішінде Сәкеннің әйелі – Гүлбаһрам да бар еді. Ол орыстың бізге ескерткені: ерлеріміз он жылға алыс Сібірге айдалыпты».
Үйіне келгеннен кейін Күнжамал балаларына «Сендер енді – нағыз жетімсіңдер» дейді көз жасын тыя алмай.
    Бейімбет Майлин ақпанның 26-сында атылса, Күнжамал соның ертеңіне, яғни 27 ақпан күні оның киімін алған.
     Азаматтарды атып болғаннан кейін әйелдеріне қырғидай тиді. «Қатындарын да айдайды екен,  балаларын балалар үйіне алады екен», «Әйелдерді балаларымен қызыл вагонға салып, алыс жаққа жібереді екен» деген хабар тарады. Бұл сөз шынға айналды, сәуір ішінде «жаулардың» әйелдерін қамау етек алды. Зәресі кеткен Фатима ертерек қамданып қалды. Ол үш баласын өзі туып-өскен жері – Қапалға нағашы апасы Хұппимен бірге жібереді. Өйткені, Фатима 13 жасар Жәнібек деген баласын НКВД-ның түрмеге қамағанынан шошынды және басқа балаларымды айырып әкетер деп сескенді. Қолында төрт айлық бір баласы қалған. Ал, Күнжамалдың туған жері алыс, әрі жанашыр ешкімі болмады да, қам-қарекет істей алмады. Күнжамалдың құр сүлдері қалды, жылаудан көз ашпайды. Бейімбеттің айтқаны шынға айналды. «Халық жауларының» әйелдерін де ұстап, темір торлы бөлмелерге тығу басталды.
     «Жамандық аяқ астынан шығады, ойламаған жерден келеді» деген рас-ау, сірә. Б. Майлиннен еш хабар болмай, дел-сал жағдайда жүрген Күнжамалды да тұтқындайды. Кеш бата үйіне әскери киімді екі адам, бірі еркек, бірі әйел, бүк түсіп жатқан жерінен басын көтерген Күнжамалға: «Сіз тұтқындалдыңыз» дейді. Үйдің іші у-шу, азан-қазан болады. Балалар әуелі сұңқылдап, одан кейін боздап жібереді. Оған қарасын ба, берілген тапсырма-бұйрықты орындауға кіріседі. Балаларды мәшинеге отырғызып әкетуге кіріскенде бұрынғы кездерде үнемі жайраң қағып жүретін, көпшіл, қонақжай, мейірімді Күнжамал түтігіп, қарсы айбат көрсетеді. Бірақ одан ештеңе шықпайды. Тұтқындаушылар дөрекілік көрсетіп, «бол-болдың» астына алып, асықтыра берген. Шыдай алмаған Күнжамал: – Сендер бұнымен Бейімбетті өлтіре алмайсыңдар. Оның орнына ертең тағы бес Майлин ер жетеді,-деген екен бұлқан-талқан болып. Ашу үстінде бұрқылдаған мінез көрсеткен оны екеуі сүйрей-мүйрей алып шыққан соң «қара құзғынға» тықпалап кіргізіп, жүріп кетеді. Ал зар еңіреп қалған балаларды басқа мәшинеге тиеп әкетеді. Қай жаққа әкеткенін ешкім білмейді. Сөйтіп, Бейімбеттің балалары әкеден өлідей, шешеден тірідей айырылып, қаңғып қала берген. Кейінірек белгілі болғандай, үшеуін панасыз балаларды қабылдау үйіне, ал Гүлсімді бөбектер үйіне өткізіпті. Әукен далада қалған. Үйлеріне мөр басып, құлып салынған.
    Сонымен Күнжамалдың тұтқындалған күні –1938 жылғы 13 сәуір, яғни Бейімбеттің түрмеге түскеніне 189, атылғанына 46 күн өткен кез. Осылай айрандай ұйып отырған өнегелі, берекелі отбасының ошағы ортасына түсіріліп, шаңырағы шайқалып, тоз-тозы шықты. Күнжамал жұбайы аманат еткен екі тапсырмасын орындай алмады. Бірі – қолжазбаларымды сақта, екіншісі-балаларға ие бол деп еді. «Байтал түгіл, бас қайғы» күн туып, өзі де Бейімбеттің артынан кеткен Күнжамал ол аманаттарды қалай орындасын?! Алдында не күтіп тұр, қандай қасіретке тап болады? Оның анық-қанығын Күнжамал білмейді. Темір құрсауға түсті, одан құтылып шыға ала ма, жоқ па?
Күнжамалдың еш жазығы жоқ екені айдан анық. «Халық жауының» әйелі не істей қоятын еді?! Дүниені төңкеріп, кеңес заманын қопарып тастай ма? Ол шаруа қолынан келетін әйел ме Күнжамал? Соған түйсік-саналары жетпеген НКВД қызметкерлерінің қараулығы шектен асқан-ау. Тергеушіге Күнжамал бірде: «Мен Бейімбетпен бірге боламын. Он жеті жасымда оған қосылып, жиырма жыл бірге тұрмыс құрдық. Мені Бейімбеттің қасына жіберіңдер» дегендей сөз айтқан көрінеді. Бейімбеттің тірі емес екенін, атылып кеткенін білмеген ғой. Білсе, мені қоса атыңдар, одан жаным артық емес дер ме еді.
    Тілек-өтініші шырқырап өзімен бірге кетті. Сот отырысы өтіп, Күнжамал Майлина РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша сегіз жылға кесіледі. Көп ұзамай, Қарағанды лагеріне «АЛЖИР-ге» этаппен аттандырылады. Онымен бірге бұл лагердің азабы мен ауыртпалығын, қайғысы мен қасіретін тартқан А. Байтұрсыновтың Бадриса, Т. Рысқұловтың Әзиза, С. Меңдешевтің Рәзия, С. Асфендияровтың Әйіш, С. Есқараевтың Мәрия, Қ. Тәштитовтың Сағадат, С. Қожановтың Күләндам, І. Қабыловтың Айша, С. Сәдуақасовтың Елизавета, М. Жұмабаевтың Зылиха сияқты жарлары, әзиз аналар да болды. Сол уақыттағы халқының ардақты азаматтарының әйелдері лагерде адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген. Олар қара жұмыс жасады, киім тікті, қой бақты, әйтеуір, оларға істемегені жоқ. Жататын жерлері нардың үсті, иіс-қонысы мүңкіген барақ үйлер, астарынан сыз, үстерінен суық өтеді. Өлген қой-қозы болса, жасырын қуырып жеп, талшық еткен. Ішкендері – дәм-сөлі, жылтыраған майы да жоқ тамақ. Бәрін де тұманды ой басады, күйеулерінің қайда екенін біле алмай бастары қатады, балаларының бар-жоғын ойлап күңіренеді.
Күнжамал «АЛЖИР-де» арып-ашып, азып-тозып, Құдайға мұң-зарын шағып күн өткізіп жүреді.
     Әуелде «кім қой бағады?» дегенде «мен бағамын» деп келіскен оның алдына бес жүз қой салып берген. Қолынан келетіні осы жұмыс деп білген оның басқа іске икемі келе қоймайды. Содан қысы-жазы қойдың соңында жүрген…


Интернет ресурстары қорынан алынған

Комментариев нет:

Отправить комментарий