среда, 13 августа 2014 г.

ӨМІРБАЯНЫ

   
Бейімбет (есімі Бимұхамбет, Бейімбет – лақап аты) Жармағамбетұлы Майлин, 1894 жылы Қостанай уезінің Дамбар болысында (қазір Қостанай облысы Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы ауылы) туады. Мекені Айет өзенінің бойында Ақтөбе деген жер. Айет Тобылға құяды.
   Бейімбет жасқа толмай әкесі Жармағамбет өледі. Он екіге жеткенде шешесі Құлғизар өледі. Майлы тұқымдары кедей екен. Кісі есігінде жүріп, тіршілік жабдығың қамдау көбінің үйренген кәсібі болыпты. Отбасына тірек Жармағамбет қаза болған соң, әйелі Құлғизар емшектегі Бейімбетпен енесі Бойдастың қолына кіреді. Бейімбет әжесінің толғана күрсініп:
                  Өмірімде көргенім күндік, құлдық,
                  Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық? –
деп өлеңдетіп отыратынын айтады.
       Бала Бейімбет әжесіне еліктеп өлең шығара бастайды. Ол үйіне жиі қатысып жүретін Көмек ақынды да тамсана тыңдайды. Оған еліктеп өлең шығарады.
       Әкесінің інілері Аман, Бақберген, Байжандар – Мұқамжар байдың үйінде жалшылықта жүріп, қарт әже Бойдастың ақылын құптайды: Бейімбетті қойшылықтан босатып алып, оқуға береді.
        Бала Бейімбет төрт жыл ауылдық мектепте, екі жыл болыстық мектепте (Арғынбай мектебі), бір жыл Троицк қаласындағы «Уазифа» медресесінде оқиды. Ара-арасында өзі де мұғалім болады. Ол 1914-16 жылдары Уфадағы «Медресе Ғалияда» оқиды. Аурулы болып «Ғалияны» бітірмей, елге барып оқытушы болады.
      «Уазифа» - жадидтік (төте оқу) орта мектеп, «Медресе Ғалия» - жадидтік жоғары мектеп. Онда басқа ғылыми пәндермен қатар, орыс тілі, әдебиеті де жоспарлы сабақ ретінде жүреді. Білімге аңсаған Бейімбет ынталана оқып, мол білім алады.
      1916-1921 жылдары Бейімбет Майлин ауылда оқытушы, 1918-1921 жылдары болысаралық оқу бөлімін басқарады, біраз уақыт Қостанай губерниялық оқу бөлімінің инспекторы болады.
     Қаламгер 1922-23 жылдарда «Еңбекші қазақ» (кейін «Социалистік Қазақстан») газетінде қызмет істейді. 1923 жылы Қостанайға қайтып, «Ауыл» газетін ұйымдастырып, шығарды. Ресми түрде жауапты хатшысы болғанымен Майлин редакцияның ісін түгелдей дерлік өзі тындырып отырады.
    1925 жылы сәуірде ол «Еңбекші қазақ» газетіне жауапты хатшылыққа алынады. Содан 1937 жылға дейін жазушы «Еңбекші қазақта» қол үзбей қызмет етеді.
   Жазушы «Еңбекші қазаққа» қаламы құрғамай жаза жүре, басқа да іргелі қызметтер атқарады. Ол 1927-1929 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінің редакторының орынбасары, 1928-1931 жылдары Мемлекет баспасында редактор; 1932-34 жылдары «Еңбекші қазақта» тұрақты қызметкер; 1934-37 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы.
   Бейімбет Майлинді жақын білетіндер, жан-жолдастары оның мейлінше кішіпейіл, адал адам болғанын, әрдайым халықтың қамын ойлағанын, қиянатқа баспағанын, ұлылы-кішілі әрекеттерін халыққа жақсылық істеу, игілік ұялату ұғымымен сабақтастыра жасағанын айтады.

Шығармашылығы

  1920-30 жылдардағы бетке ұстар, мақтаныш етер небір жайсаң жандардан айырылғанымыз ұмытылмас, өшпес қасіретіміз болып қалды. Сондай зиялы, биік, парасатты және аяулы адамдардың бірі, ұлттық мәдениет пен өнеріміздің жалынды жаршысы, қоғам қайраткері – Бейімбет Майлин.
     Майлин шығармашылығы бүкіл қазақ әдебиетін барлық салада байытқан сан қырлы, салауатты, сарқылмас асыл қазына.
   
Өр ақын Ғафу Қайырбековтың:
                           
                             Өлшеуге болса батырларменен ерлікті,
                             Өлшеуге болса ұраныменен елдікті,
                             Сонау бір күнде өрісін созған өнердің
                             Өлшеуге болар Бейімбетпенен кеңдікті.
                             Даладай үнсіз, тауындай биік сол ағаң,
                             Дамылсыз жазып, кітаптан сарай қалаған, -
     деген жыр жолдары да Бейімбеттің зор еңбекқорлығын, сол еңбектің мол жемісін паш етеді.
     Адам баласы ылғи қараумен келеді. Өткен күніне тәуба қыла отырып, ол үнемі жақсылықты ілгеріден күтеді, болашағына сенеді. Әдебиеттің өміршеңдігі де адам табиғатының өмірге деген осы сенімін тани білуімен байланысты. Адамды, оның ісін, рухани биіктігін көркем бейнелей алған әдебиеттің болашағы әрқашанда зор. Ол бүгінгі оқырманына да, кейінгі ұрпақтарға да ой салып, оларды ілгері жетелейді, шындық, әділдік үшін күреске тәрбиелейді. ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстарынан нәр алған, соның әсерінен жазушылық еңбегін бастаған Бейімбеттің алдан күткен үміті де халық аңсаған бостандық идеясымен үндесті.
      1920-21 жылдардағы қазақтың басына түскен аштықты, одан кейін 20-жылдардың аяғынан басталған ұжымдастыру оқиғалары кезінде орын алған асыра сілтеу, сол кездегі шолақ белсенділердің халыққа тигізген зәбір-залалын Бейімбет өз шығармаларында айқын бейнелейді. Бұл тұрғыда жазушының «Күлпаш», «Айт күндері», «Қалакеңнің үйінде», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімелерінде нақты бейнелер жасалады.
    Поэзия мен прозадағы секілді Бейімбет Майлиннің драматургияда алатын орны да алабөтен зор. Ол қазақ драматургиясының асыл қазынасымен театр репертуарына көп үлес қосқан жазушы. 1920 жылы әйел теңдігі тақырыбына «Неке қияр» атты пьесасын жазғанынан бастап Бейімбет он алты-он жеті жыл бойында пьеса жазуын бір дүркін тастаған емес. Алғашқы кезде жазған ондаған бір перделі пьесалардың қатарында «Қаламқас» және «Ел мектебі» атты комедияны, «Бетім-ау, құдағи ғой» атты драманы арнайы атауға болады. Сонымен бірге «Шаншар молда», «Көзілдірік», «Қос қақпан» атты шағын көлемді комедиялары болған. Келе-келе жазушының драматургиялық таланты марқайып, театрларға ірі туындылар берді. Олар: «Жалбыр», «Біздің жігіттер» /1932/, «Шұға», «Майдан»/1933/, «Талтаңбайдың тәртібі»/1934/, «Аманкелді»/1936/.
         «Жалбыр» пьесасында 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі көрсетіледі. Мұндағы басты кейіпкер Жалбыр шын болған, Қостанай облысында аты мәлім Жалбыр Құдайбергенов деген ер азамат екен. Жалбыр пьесада кедей шаруаларды соңына ертіп қысым мен қиянатқа қарсы шығып, майданда халықтың азаматтығы үшін күреседі. М.Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасы секілді «Жалбыр» пьесасы 1916 жылғы халық көтерілісінің сыр-сипатын тұңғыш рет сахнада негізінен дұрыс танытқан шығарма еді. Бұдан кейін «Шұға», «Талтаңбайдың тәртібі», «Майдан» пьесаларын жарыққа шығарды. «Майдан» пьесасы 1930-жылдардың бас кезіндегі драматургиясының елеулі табысы еді.
         Бейімбет Майлин Ғабит Мүсіреповпен бірге «Амангелді» атты пьеса мен киносценарийдің алғашқы вариантын жазысқан еді.
          Бейімбет қазақ әдебиетінің барлық жанрында тыңнан жол салысқан жазушы. Ол әдебиет пен журналистика, драматургия саласында белгілі із қалдырған, жүйрік жазушы, абзал азамат.  

Комментариев нет:

Отправить комментарий